Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда балалар қауіпсіздігі талқыланды

Талдықорғанда балалар қауіпсіздігі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласындағы №4 орта мектепте Жетісу облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Аида Белгібаеваның қатысуымен ата-аналар жиналысы өтті. Кездесуге 60-қа жуық ата-ана қатысты.

Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер қылмысының себептері және бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Қатысушыларға отбасының бала тұлғасының қалыптасуындағы шешуші рөлі ерекше атап өтілді.

Балалардың қауіпсіздігіне, әсіресе цифрлық кеңістіктегі қауіптерге баса назар аударылды. Ата-аналарға интернеттегі тәуекелдер, сондай-ақ жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алу жолдары түсіндірілді. Баламен сенімді қарым-қатынас орнату, тұрақты диалог жүргізу және бақылаудың маңыздылығы айтылды.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу ең алдымен отбасындағы тәрбие мен құндылықтардан басталатынын жеткізді.

— Мемлекет отбасынан басталады. Адамның қоғамдағы мінез-құлқын айқындайтын құндылықтар ең алдымен отбасында қалыптасады. Біздің ортақ міндетіміз – заңға бағынатын, жауапты ұрпақ тәрбиелеу, — деді Аида Белгібаева.

Кездесу соңында ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпті белгілерді дер кезінде анықтау және олардың алдын алу бойынша практикалық ұсыныстар берілді.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер мектеп, ата-ана және құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, балалардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру