Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада мектеп оқушылары үшін жол қауіпсіздігі бойынша танымдық іс-шара өткізілді

Елордада мектеп оқушылары үшін жол қауіпсіздігі бойынша танымдық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға және оқушылар арасында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Кезекті танымдық кездесу Н. Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі базасында өтіп, оқушыларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлық қағидалары кеңінен түсіндірілді.

Іс-шара барысында полицейлер жаяу жүргіншілерге арналған Жол жүрісі қағидаларының негізгі талаптарын жан-жақты баяндап, жол-көлік оқиғаларының себептері мен салдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті. Оқушыларға жолды қауіпсіз кесіп өту ережелері мен жол қозғалысы талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Теориялық бөліммен қатар тәжірибелік сабақтар да ұйымдастырылды. Балаларға ойын түрінде жолдан дұрыс өту тәртібі, реттеуші қимылдарының мәні және тротуармен жүрудің маңыздылығы түсіндірілді. Мұндай формат оқушылардың қызығушылығын арттырып, жол қауіпсіздігі бойынша білімдерін бекітуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар қатысушыларға қараңғы уақытта көрінуін қамтамасыз ететін жарық шағылыстырғыш белгілер таратылып, жол жүрісі қағидалары бойынша бейнематериалдар көрсетілді. Қосымша ретінде қоғамдық көлік қатыстырылып, оқушыларға автобустағы қауіпсіз мінез-құлық пен жолаушыларды тасымалдау кезіндегі тәртіп көрнекі түрде түсіндірілді.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың жолдағы жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру