Маңғыстау облысында 66 азамат қоғамдық жұмыс арқылы жазасын өтеп жүр
Маңғыстау облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар қоғамдық жұмыстар арқылы жазасын өтеумен қатар, қоғамға нақты пайдасын тигізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде өңір бойынша 66 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған. Жалпы, Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің есебінде мыңға жуық азамат бар. Олардың бір бөлігіне сот шешімімен қоғамдық жұмыстар тағайындалған. Бұл — тек жаза емес. Бұл — қайта бастау мүмкіндігі.
Мәселен, Маңғыстау ауданының бір ауылында 27 жастағы тұрғын ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Қазір ол ауыл аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарына қатысып жүр.
Ал Ақтауда 33 жастағы ер адам алаяқтық дерегі бойынша пробация есебінде тұр. Сот оған негізгі жазаға қоса қоғамдық жұмыстар жүктеген. Қазір ол аулаларды тазалап, қала көркін жақсартуға үлес қосуда. Әсіресе көктемгі кезеңде мұндай еңбек аса қажет.
— Қоғамдық жұмыстар — бұл тек бақылау емес, адамның санасын өзгерту құралы. Біз үшін басты нәтиже — адамның қайта қателеспеуі, — дейді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Нұрлан Надиров.
