СҚО-да полицейлер кітап оқуды үрдіске айналдырды
СҚО-да полицейлер кітап оқуды үрдіске айналдырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов ведомство фойесіндегі кітап көрмесін жеке өзі толықтырды. Ол 1942–1944 жылдары жазылған Волоколамское шоссе шығармасын сөреге қойды. Аталған туынды Бауыржан Момышұлы естеліктеріне негізделген және Панфилов дивизиясының жауынгерлік жолын суреттейді. Жеке құрамға бұл кітаппен міндетті түрде танысу тапсырылды.
Полицейлердің әдеби талғамы олардың қызметі сияқты алуан түрлі екені байқалды. Көрмеден Абай Құнанбайұлы мен Мағжан Жұмабаев шығармаларынан бастап, Жюль Верн туындылары, Георгий Жуков мемуарлары, отандық детективтер және тіпті Джеки Чан өмірбаянына дейін кездеседі. Осындай шағын кітап көрмелері өңірдің барлық полиция бөлімшелерінде ұйымдастырылған.

Қызметтің қарбалас ырғағына қарамастан, полицейлер кітап оқуға уақыт тауып, өзара кітап алмасып, тіпті жеке кітап қорларын да толықтырып отыр.
Жеке құрамды мерекемен құттықтаған Абай Жүсіпов кітап оқудың тек жеке қызығушылық емес, кәсіби және рухани дамудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, кітап — кез келген жаста білім мен парасатты арттыратын сарқылмас қазына.

23 сәуір Қазақстанда ресми түрде Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтеді. Бұл бастама Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысымен енгізіліп, 2024 жылдан бастап Үкімет қаулысымен бекітілген. Аталған күн Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні мерекесімен тұспа-тұс келеді.
