Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында бүлдіршіндерге арналған қауіпсіздік сабағы өтті

Абай облысында бүлдіршіндерге арналған қауіпсіздік сабағы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылындағы "Еркеназ" бөбекжайында ерекше мазмұндағы іс-шара ұйымдастырылды. Ақсуат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері "Жас тәртіп сақшысы" атты қауіпсіздік сабағын өткізіп, бұл жолы оған 2–3 жас аралығындағы бүлдіршіндер де белсене қатысты.

Шара барысында балалар шағын жилет пен қалпақ киіп, өздерін нағыз полиция қызметкеріндей сезінді. Бүлдіршіндердің жүзіндегі қуаныш пен қызығушылықты байқаған полицейлер оларға өз қызметінің мәні мен қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізді. Балалар айтылған ақпаратты ерекше ықыласпен тыңдап, кейбірі "Мен де сіз сияқты болғым келеді!" деп әсерлерімен бөлісті.

Іс-шара ойын форматында жалғасып, кішкентай қатысушылар жол қозғалысы ережелерін үйренуге арналған танымдық ойындарға қатысты. Олар жасыл жарықта жүру, қызыл жарықта тоқтау, жол белгілерін тану сияқты қарапайым әрекеттерді ойын арқылы меңгерді.

Бүлдіршіндер арнайы киім киіп, рөлдік ойындарға қатысу арқылы тәртіп сақшысы бейнесіне еніп, қауіпсіздік қағидаларын қызығушылықпен игерді.

Осылайша "Жас тәртіп сақшысы" жобасы мектепке дейінгі жастағы балаларға қауіпсіздік негіздерін ойын арқылы үйретіп, олардың құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру