Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері бірлік пен халықтар достығын ұлықтады

Көлік полицейлері бірлік пен халықтар достығын ұлықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында көліктегі полиция департаментінде мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Береке-бірлік пен ынтымақтың жарқын көрінісіне айналған бұл шара көпұлтты Қазақстан халқының тұтастығы мен татулығын айшықтай түсті.

Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев:

- Негізгі мақсатымыз – еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлікті дәріптеу, патриоттық рухты күшейту және Қазақстан аумағында тұратын этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрметтеу, – деді.

Іс-шара барысында көлік полицейлері қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, татар, кавказ және кәріс ұлттарының мәдениетін кеңінен таныстырды. Әр этностың болмысы, тарихы мен ерекшелігі сахналық қойылымдар арқылы әсерлі бейнеленді. Көз жауын алатын ұлттық киім киген полиция қызметкерлері көрермендерге түрлі халықтардың дәстүрін шынайы жеткізіп, сахнаны достық пен өзара сыйластықтың символына айналдырды.

Әсіресе әр ұлттың әні, күйі мен биінен құралған концерттік бағдарлама жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық нақышта безендірілген көрмеде этностардың тұрмыстық бұйымдары мен мәдени мұралары таныстырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастархан әр халықтың қонақжайлығы мен мәдени байлығын айқын көрсетті. Департамент басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің өкілдерінен құралған арнайы комиссия мүшелері әр этностың тағамдарынан дәм татып, еліміздегі мәдени әртүрліліктің бірлікпен ұштасқанын тағы бір мәрте сезінді.

Іс-шара соңында қатысушылардың өнері жоғары бағаланып, түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталды. Атап айтқанда, "Үздік ұлттық тағам" номинациясы – қазақ ұлтына, "Ең үздік ұлттық киім" номинациясы – кавказ ұлтына, ал "Үздік ұлттық өнер" номинациясы – кәріс ұлтына берілді. Жеңімпаздарға Департамент бастығының грамоталары табыс етілді.

Полиция – тек қылмыстың ізін суытпай ашатын жедел уәкілдер мен тергеушілер ғана емес, сонымен қатар бойына патриоттық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті сіңірген тұлғалар.

Бүгінде көліктегі полиция департаменті мен оның аумақтық бөліністерінде саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған жиырмадан астам түрлі ұлт өкілдері қызмет атқарып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру