Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД-да 20-ға жуық жас қызметкер ант қабылдады

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 20-ға жуық жас қызметкер ант қабылдады. Салтанатты рәсімге ҚАЖ ардагерлері, оның ішінде Ауған соғысының ардагері Ержан Қалмақбаев қатысты. Ардагерлер жас қызметкерлерді қызмет жолындағы маңызды кезеңмен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесінің қатарына қосылған жас қызметкерлер қызметтік борышын адал атқаруға, заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқықтарын қорғауға ант берді.

Жеке құрам алдында сөз сөйлеген департамент бастығының міндетін атқарушы Тлеуберген Көнекбаев таңдалған жолдың маңызына тоқталды.

– Ант қабылдау — әрбір қызметкердің өміріндегі ең жауапты әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Осы күннен бастап сіздер заң мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүктелген жүйенің бір бөлігіне айналасыздар. Сіздерден кәсіби біліктілікпен қатар, жоғары моральдық тұрақтылық, принципшілдік және антқа адалдық талап етіледі. Қызмет барысында түрлі сынақтар кездеседі, дәл осындай сәттерде адамның шынайы қасиеттері айқындалады. Әрбіріңіз жүктелген міндетті абыроймен атқарып, мемлекет пен қоғамның сенімін ақтайды деп сенемін, – деді Тлеуберген Көнекбаев.

Шараның ерекше мазмұн алуына ардагерлердің қатысуы ықпал етті. Олар өздерінің өмірлік және қызметтік тәжірибелерімен бөлісті. Ержан Қалмақбаев ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтіп, жас қызметкерлердің қызмет дәстүрін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.
Рәсім соңында жас қызметкерлер қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерді еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру