Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада сотталғандар арасында спорттық іс-шара өтті

Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №2 мекеме базасында сотталғандар арасында спорттық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара бағдарламасына волейбол, армрестлинг, гір тас көтеру және арқан тартыс секілді спорт түрлері енгізілді. Қатысушылар жоғары белсенділік танытып, өзара ұйымшылдық пен жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ жалпыұлттық құндылықтар аясында "Заң және тәртіп" қағидаттарын нығайту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық жұмыстар қоғамның барлық санатын, соның ішінде бас бостандығынан айыру орындарындағы азаматтарды да қамтуы тиіс. Іс-шара барысында қатысушылармен зиянды әдеттерден бас тарту және өмірлік оң ұстанымдарды қалыптастыруға бағытталған түсіндіру әрі алдын алу әңгімелері жүргізілді.

Сонымен қатар дене шынықтыру мен спорттың әлеуметтік бейімделу мен тұлғалық дамудағы тиімді құрал екеніне ерекше назар аударылды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұсынған сыйлықтармен және ынталандыру марапаттарымен наградталды.

Іс-шараға ҚР ІІМ және Астана қаласы ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері Баян Ахатай, Ноян Ауганов, Ербол Жантыков, Нұрсұлтан Әлиақбаров және "Жасыл желкен" қоғамдық қоры басшысы Кульзат Алмажанова қатысты.

Іс-шараны Астана қаласының полиция департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара барысында сотталғандардың бірі өз пікірін білдірді:

- Мен бұл мекемеде еңбекпен қамтылғанмын, дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Күнделікті өміріміз көбіне бірсарынды өтеді. Осындай шара ұйымдастырып, өмірімізге серпін бергендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Біз өзімізді бір сәтке болса да белсенді, сергек сезіндік, спортпен айналысып, көңіліміз көтерілді, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру