Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысының тұрғындары электрлі көлік құралдарын тіркеуді жалғастырып жатыр

Абай облысының тұрғындары электрлі көлік құралдарын тіркеуді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2024 жылғы 3 қазаннан бастап Қазақстан Республикасының "Жол қозғалысы туралы" Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес мопедтер механикалық көлік құралдарымен теңестіріліп, ішкі істер органдарында міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.

Мопедтер мен мотовелосипедтерге қатысты негізгі талаптар:

Санаты және тіркеу тәртібі:
Электр немесе іштен жанатын қозғалтқышпен жабдықталған мопедтер, мотовелосипедтер және мокиктер L1 немесе L2 санатына жатады. Аталған көлік құралдары заңнамаға сәйкес механикалық көліктермен теңестіріліп, міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.

Қозғалтқыш сипаттамалары:
Іштен жанатын қозғалтқыш көлемі 50 см³-тан аспауы қажет.
Электр қозғалтқыштарының ұзақ мерзімді номиналды қуаты 4 кВт-тан жоғары болмауы тиіс.
Қозғалыс құралының конструкциялық максималды жылдамдығы 50 км/сағ-тан аспауы керек.

Жүргізуші куәлігі:
Мопедтерді басқару үшін A1 санатты жүргізуші куәлігі талап етіледі.
A және B санатындағы куәлігі бар азаматтарға A1 санатын алу міндетті емес (Заңның 73-бабы).

Жылдамдық шегі асқан жағдайда:
Егер екі немесе үш доңғалақты көлік құралының максималды конструкциялық жылдамдығы 50 км/сағ-тан асса, ол L3 немесе L4 санатына жатқызылып, мотоцикл ретінде есептеледі.

Полиция тұрғындарды мопедтер мен мотовелосипедтерді тіркеу тәртібін сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру