Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде ашық есік күні өтті
Әкесі мен ұлы жазасын бірге өтеп жатқан Абай облысы ҚАЖ мекемесінде туыстарымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде сотталғандардың туыстарына арналған ашық есік күні өтті. Бұл шара сотталғандар үшін де, олардың жақындары үшін де көптен күткен ерекше күн болды. Ұзақ уақыттан кейін олар бір-бірімен қауышып, қолдау білдіріп, бірге уақыт өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара аясында 50-ге жуық сотталған өз туыстарымен кездесті. Көпшілік үшін бұл күн ерекше толқынысқа толы болды: олар ұзақ уақыттан кейін аналары, жұбайлары, балалары және өздерінің оралуын күтіп, сенімін үзбеген жақындарын құшақтай алды.
Мекеме қонақтарына сотталғандардың өздері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Кездесу барысында музыкалық шығармалар орындалып, туыстарына төзімі, қолдауы мен адалдығы үшін алғыс сөздер айтылды. Кездесу атмосферасы шынайы сезімдерге толы болды — көпшілік жақындарын көргенде көз жасына ерік бере алмады.
Әсіресе, әкесі мен ұлының тағдыры көпшіліктің жүрегін толқытты. Бүгінде олар бір мекемеде бірге жазасын өтеп, осы күні туыстарымен кездесті. Қостанай облысының 54 жастағы тұрғыны есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыс жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
— Мен осында түскен кезде үйде жұбайым, ұлым және қызым қалды. Әр сөйлескен сайын ұлыма менің қателігімді қайталамауды, анасы мен қарындасын қорғауды және еркіндік пен отбасының қадірін ұмытпауды айтатынмын. Балаларымның менің орнымда отырғанын елестетудің өзі мен үшін қорқынышты еді. Бірақ тағдыр басқаша шешті. Бүгінде біз 30 жастағы ұлыммен бірге осы мекемеде жазамызды өтеп жатырмыз. Әке үшін бұдан асқан ауыр жаза жоқ — өз қателігіңді балаңның қайталағанын көру, — деді сотталған азамат.
— Әкем бас бостандығынан айырылған кезде, мен отбасымызға тірек болуым керек деп ойладым. Анамның қиналғанын, қарындасымның уайымдағанын көріп, олар ештеңеден мұқтаждық көрмесін деп өзіме уәде бердім. Бірақ адал жолдың орнына жеңіл ақша табуды таңдадым. Уақыт өте келе жағдайды бақылаудан шығарып алып, өз өмірімді құрдымға жібердім және ең жақын жандарыма ауыр қайғы әкелдім. Бүгінде анамыз бір мезетте екі бірдей жақынына — күйеуі мен ұлына кездесуге келеді. Анаңның көзіндегі жас пен күйінішті көруден ауыр нәрсе жоқ. Осындай сәттерде еркіндіктің, отбасының және жақындардың сенімінің қадірін терең түсінеді екенсің. Біз анамыз бен қарындасымызға қаншалықты қайғы әкелгенімізді күн сайын сезінемін. Ең үлкен арманым — бір күні олар мен үшін ұялмай, қайта мақтан тұтса екен, — деді сотталған ұлы.
— Ашық есік күндерін өткізу сотталғандардың әлеуметтік байланыстарын сақтауда және олардың қайта әлеуметтенуінде маңызды рөл атқарады. Бас бостандығынан айырылған адам үшін отбасының қолдауы өте маңызды. Осындай кездесулер сотталғандарға өз іс-әрекеттерін қайта ой елегінен өткізуге, жақындарымен байланысын үзбеуге және түзелуге деген ұмтылысын қалыптастыруға көмектеседі. Біздің басты міндетіміз — олардың қоғамға заңға бағынатын азамат ретінде бейімделуіне ықпал ету. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі ашық есік күндері отбасылық құндылықтарды нығайтуға, сотталғандардың моральдық-психологиялық жағдайын қолдауға және тәрбиелік жұмыстың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.
