Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлері арт-терапия тренингіне қатысты
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлері арт-терапия тренингіне қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Арт-терапия — адамның ішкі жан дүниесін шығармашылық арқылы ашуға мүмкіндік беретін психологиялық әдістердің бірі. Оның ішінде сурет салу техникасы эмоцияны сыртқа шығарып, ішкі сезімді еркін жеткізуге ықпал етеді.
Осы бағыттағы тренинг Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Іс-шараны департамент психологы Моншақ Маханова мен полиграфолог Ұлбала Бегімова ұйымдастырып, қызметкерлерді отбасы орталығына алып барды.
Тренинг барысында орталық мамандары қатысушыларға сурет салу тапсырмасын берді. Қызметкерлер түрлі бояулар мен бейнелеу элементтері арқылы өз көңіл-күйін, өмірге деген көзқарасын және ішкі сезімдерін қағаз бетіне түсірді. Арт-терапия әдісі қатысушылардың эмоцияларын тануына, ішкі күйзелісті азайтуға және еркін қарым-қатынас орнатуға оң әсерін тигізді.
Сонымен қатар тренинг барысында қызметкерлер арасында ашық диалог ұйымдастырылып, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты.
ҚАЖ департаментінің психологы Моншақ Маханованың айтуынша, мұндай шаралар қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
- Арнайы арт-терапия әдісі арқылы адам ішкі эмоциясын шығармашылықпен жеткізе алады. Сурет салу күйзелісті азайтып, өзін еркін сезінуге көмектеседі. Мұндай тренингтер қызметкерлердің эмоционалдық жағдайын жақсартып, ұжым ішіндегі сенімді нығайтады, – деді маман.
