Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полиция түлектер мерекесі кезінде тәртіп сақтауға шақырды

Астана қаласының полиция департаменті оқу жылының аяқталуына орай өтетін "Соңғы қоңырау" және мектеп бітіру кештері кезеңінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жүріс-тұрысына бақылауды күшейту қажеттігін еске салады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кейбір жағдайларда түлектер мерекелік көңіл-күйді ерекше атап өту мақсатында шуылы көп іс-шаралар ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін бұза отырып автокортеждер өткізетіні байқалады. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жол-көлік оқиғаларының туындауына және өзге де құқыққа қайшы салдарға әкелуі мүмкін.

Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәртібі үшін жауапкершілік олардың заңды өкілдеріне жүктелетінін ескертеді.

Осыған байланысты ата-аналарға:

  • балаларының қай жерде жүргенін тұрақты бақылауда ұстау;
  • кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу;
  • балалармен қауіпсіздік ережелері мен қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • алкоголь өнімдерін тұтыну, жолдағы қауіпті әрекеттер және тәуекелді ойын-сауықтарға қатысудың салдары туралы алдын ала ескерту жасау ұсынылады.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қала тұрғындарының тыныштығына құрметпен қарауға және ауыр салдарға әкелуі мүмкін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру