Астанада омниканалды жүйе арқылы 18 мыңнан астам өтініш қабылданды
Астанада омниканалды жүйе арқылы 18 мыңнан астам өтініш қабылданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтардың өтініштерін қабылдауға арналған омниканалды жүйені енгізіп, бұл бастама бүгінде халықпен тиімді әрі жедел байланыс орнатудың нәтижелі тетігіне айналды.
Жыл басынан бері аталған жүйе арқылы 18 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың заманауи байланыс арналарына деген сенімінің артып келе жатқанын аңғартады.
Омниканалды жүйе арқылы келіп түскен өтініштердің бірі жол қозғалысы ережесін бұзу дерегіне қатысты болды. Қала тұрғыны байланыс жүйесі арқылы Hyundai автокөліктің рұқсат етілмеген жерге қойылғаны жөнінде хабарлаған.
Түскен ақпарат жедел тексеріліп, полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған 48 жастағы жүргізушіні анықтады. Нәтижесінде оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
— Омниканалды жүйе — халықпен жедел әрі тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беретін заманауи тәсіл. Астана қаласы Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіріп, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді жалғастыра береді, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
