Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде балаларға арналған шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды

Семейде балаларға арналған шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Балаларды қорғау күніне орай Семей қаласында "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында балаларға арналған шығармашылық іс-шара өтті. Дағдарыс орталығында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету, олардың эмоционалдық жағдайын жақсарту және зорлық-зомбылықсыз орта құру идеясын насихаттау болды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері балалармен еркін форматта кездесіп, олардың құқықтары, қауіпсіздігі және мемлекет тарапынан қарастырылған қорғау тетіктері туралы әңгімелесті. Тәртіп сақшылары әрбір баланың құқығы заңмен қорғалатынын және кез келген жағдайда көмек сұрауға мүмкіндігі бар екенін түсіндірді.

Шара аясында балаларға арналған сурет салу сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерінің ойлары мен армандарын түрлі түстер арқылы қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Жылы әрі достық жағдайда өткен сабақ балалардың еркін пікір білдіруіне және ішкі жан дүниесін ашуына мүмкіндік берді.

Балалар өз әсерлерімен де бөлісті. Олардың бірі суретінде қауіпсіз әрі бақытты әлемді бейнелегенін айтса, енді бірі полиция қызметкерлерінің қорғаныш бола алатынын түсінгенде өзін сенімді сезінгенін жеткізді. Ал тағы бір қатысушы бұл күннің өзіне қуаныш пен тыныштық сыйлағанын атап өтті.

Мамандардың пікірінше, мұндай іс-шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында сенім мен қауіпсіздік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі саналады.

Іс-шара соңында балалардың шығармашылық жұмыстары бағаланып, қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ олар полиция қызметкерлерімен еркін әңгімелесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар балалардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру