Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері балаларды мерекемен құттықтады

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін балаларды қорғау күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Семей қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

Орталықта өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 пен 18 жас аралығындағы 70-тен астам бала тәрбиеленуде. Мереке құрметіне концерттік бағдарламалар, шығармашылық қойылымдар мен ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылды.

Мекеме қызметкерлері мерекелік шараға қатысып, балаларға сотталғандардың өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын табыстады. Олардың қатарында домбыралар, шахмат тақталары, ұлттық ыдыс-аяқ бұйымдары, жаңғақ шағатын құралдар және басқа да пайдалы заттар бар.

Бұл бастама қылмыстық-атқару жүйесіндегі әлеуметтік жұмыстың бір бөлігіне айналып, еңбектің сотталғандарды қайта әлеуметтендірудегі маңызды рөлін көрсетті. Осындай жобаларға қатысу олардың кәсіби дағдыларын дамытуға, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және қоғамға пайдалы істерге үлес қосуына мүмкіндік береді.

– Біздің тәрбиеленушілеріміз үшін қоғам тарапынан көрсетілетін қолдау мен қамқорлықтың маңызы зор. Осындай кездесулер балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өздерін қажет әрі қамқорлықта екенін сезінуге көмектеседі. Балаларымыздың өміріне бейжай қарамай, сыйлықтар дайындаған мекеме қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – деді Балаларды қолдау орталығы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Рымхан Нургалиева.

– Барлық бұйым сотталғандардың еңбекпен қамтылуы аясында дайындалды. Біз балаларға пайдалы әрі дамуына ықпал ететін сыйлықтар ұсынуға тырыстық. Сотталғандар үшін мұндай әлеуметтік жобаларға қатысу жауапкершілікті, қоғамдық құндылықтарға деген құрметті және оң өзгерістерге ұмтылысты қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар Абай облысының қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің игі дәстүріне айналып, ерекше көңіл мен қамқорлықты қажет ететін балаларды қолдауға бағытталған, – деп атап өтті мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру