Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында профилактикалық шаралар күшейтілді

Жетісу облысында "Балалар жолда" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық "Балалар жолда" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері күнделікті негізде жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушылары тарапынан жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу және оларды дер кезінде анықтап, жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Ерекше назар жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, бағдаршам талаптарын елемеуі, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өзге де талаптарды бұзу деректерін анықтауға аударылуда.

Бұл бағыттағы жұмыстарға жедел басқару орталығының қызметкерлері де белсенді түрде тартылып отыр. Бейнебақылау камераларының көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері күн сайын тіркеліп, тиісті әкімшілік шаралар қабылдануда.

Жыл басынан бері облыс аумағында жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушылары тарапынан жасалған 5048 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Ал жедел-профилактикалық іс-шараның бір күнінде ғана 73 құқық бұзушылық анықталған.

Талдау нәтижелері жаяу жүргіншілерді көлік қағып кету оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – азаматтардың өздерінің жол қозғалысы қағидаларын сақтамауы екенін көрсетіп отыр. Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту және қауіпсіздік талаптарына бейжай қарау қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты полиция барлық азаматтарды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жол қауіпсіздігі – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру