Павлодар облысында полицейлер жазғы демалыс қарсаңында ата-аналарға кеңес берді
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізу мақсатында Ертіс ауданында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Полицейлер ата-аналарға жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтып, жасөспірімдерге жолдағы, интернеттегі және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс – оқушылар үшін еркіндік пен қызықты сәттерге толы кезең. Алайда бұл уақытта түрлі қауіп-қатерлердің де арта түсетіні белгілі. Балалардың каникулды қауіпсіз әрі пайдалы өткізуін қамтамасыз ету мақсатында Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығы Төлеген Алпысбаев білім беру саласының өкілдерімен бірлесіп кең ауқымды профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараға мопед, мотоцикл және скутер тізгіндейтін жасөспірімдер мен олардың ата-аналары қатысты.
Кездесу барысында жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Төлеген Алпысбаев кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының себептеріне тоқталып, мотокөлікті басқару тек жүргізу дағдыларын ғана емес, заң талаптарын қатаң сақтауды талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ ата-аналарға балаларына мұндай көлік құралдарын сатып алудың үлкен жауапкершілік жүктейтіні түсіндірілді.
Жасөспірімдерге 1 шілдеден бастап күшіне енетін электросамокаттар мен жеке мобильділік құралдарын пайдалану қағидаларындағы өзгерістер туралы ақпарат берілді. Қатысушыларға жаңа талаптарды бұзған жағдайда заңнамада көзделген жауапкершілік бар екені ескертілді.
Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері де кеңінен түсіндірілді. Полицейлер тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылу қажеттігін айтып, балалардың су жағасында міндетті түрде ересектердің бақылауында болуы тиіс екенін еске салды.
Жаз мезгілінде балалардың интернет кеңістігінде көбірек уақыт өткізетіні де назардан тыс қалған жоқ. Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, жеке деректерді қорғау және күмәнді хабарламалар мен қоңыраулардан сақтану жолдары айтылды.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүру тәртібіне де тоқталды. Ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта қоғамдық орындарда болуға тыйым салынатыны ескертіліп, бұл талаптарды бұзған жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Ата-аналар мен жасөспірімдер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.
Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, балаларды күнделікті өмірде кездесетін түрлі қауіп-қатерден қорғауға және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
