Абай облысында жастарға есірткінің зияны түсіндірілді
Абай облысында өткен "Abay Open" республикалық турнирі тек спорттық жарыс емес, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды тәрбиелік алаңға айналды. Еліміздің 12 өңірінен келген 300-ге жуық жас спортшыны біріктірген ауқымды шарада спортпен қатар қауіпсіз қоғам мен жауапты азаматтық ұстаным құндылықтары кеңінен дәріптелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнир аясында Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов жастармен кездесіп, "Біз есірткіге қарсымыз" тақырыбында мазмұнды әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында полиция қызметкері жас буынды заңды құрметтеуге, саналы өмір салтын ұстануға және қоғамға қауіп төндіретін есірткі секілді зиянды құбылыстардан аулақ болуға шақырды.
– Бүгінде есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз жастардың спортпен айналысып, білім алып, өз болашағына сеніммен қарағанын қалаймыз. Спорт адамды тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Сондықтан әрбір жас азамат зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, дұрыс таңдау жасауы тиіс. Басты мақсатымыз – қауіпсіз қоғам мен есірткісіз болашақ қалыптастыру, – деді Думан Үкіжанов.
Сонымен қатар ол есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жай-күйіне және болашақ тағдырына тигізетін кері әсері туралы айтып, заңнамамен көзделген жауапкершілік мәселелеріне де тоқталды.
Қазіргі таңда Абай облысының полициясы жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткі қылмыстарының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жасөспірімдерге қауіп-қатерді түсіндіріп қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.
"Abay Open" турнирі аясындағы бұл кездесу полиция мен жастар арасындағы ашық әрі мазмұнды диалогтың жарқын үлгісіне айналды. Спорт алаңында айтылған тағылымды ойлар қатысушыларға маңызды ой салып, есірткісіз қоғам құру әр азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
