Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда көлік үстіндегі қауіпті шоу тоқтатылды

Павлодар облысында қозғалыс кезінде көлік терезелерінен денелерін шығарған жолаушылары бар кроссовер жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желідегі лайк пен қаралым жинауға ұмтылу жолдағы қайғылы жағдайға ұласуға шақ қалып, ақыры полицияның араласуымен аяқталды. Тәртіп сақшыларының назарына қозғалыс барысында қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, қауіпті әрекеттер жасаған жастардың бейнежазбасы ілікті.

Бейнекадрлардан жас жігіттердің әсерлі контент түсіру мақсатында жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің терезелерінен денелерін шығарғанын көруге болады. Полицейлер экстремалды контент авторларын қысқа уақыт ішінде анықтады.

Анықталғандай, оқиға 3 маусым күні Павлодар әуежайы маңындағы тасжолда болған. Бір топ жас жол үстінде мобильді фотосессия ұйымдастырып, өздерінің ғана емес, жүргізушінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.

Geely Monjaro көлігін 25 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Достарының қауіпті әрекеті үшін жауапкершілік те жүргізушіге жүктелді. Жол қозғалысы ережелері мен жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция азаматтарға тағы да ескерту жасайды: әлеуметтік желідегі бірнеше секундтық бейнеролик адам өмірі мен денсаулығынан қымбат емес. Мұндай қауіпті әрекеттер көбіне ауыр жарақаттарға, тіпті адам өліміне әкеліп соғады.

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жол қозғалысы ережелерін бұзбауға және интернеттегі өткінші танымалдық үшін өз өмірлері мен айналасындағылардың қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру