Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері өрт кезінде тұрғындарға көмектесті

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері өрт кезінде көпқабатты үй тұрғындарына көмек көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының Шуақ кентінде әйелдер колониясының қызметкерлері өрт кезінде көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарына көмек көрсетіп, батылдық, табандылық және жоғары азаматтық жауапкершілік танытты.

Өрт тұрғын үйдің бірінші қабатындағы балконнан шыққан. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығуына балконда сақталған тез тұтанғыш заттар себеп болған. Көпқабатты үйде шамамен 80 адам тұрады. Олардың арасында әртүрлі жастағы балалар, соның ішінде жаңа туған нәрестелер де бар.

Жедел бөлімнің аға жедел уәкілі Дархан Советқанов пен бақылаушылар қызметі бөлімінің қарауыл бастығы Болатбек Букенов жұмысқа бара жатқан кезде түтін мен ашық жалынды байқайды. Олар бірден тұрғындарға көмекке ұмтылып, үйде тұратын мекеме қызметкерлеріне болған оқиға туралы дереу хабарлаған. Қызметкерлер бірлесіп тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырып, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу шараларын қабылдады.

Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін қызметкерлер өртті сөндіруге, жалынның таралуын тоқтатуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды өз күштерімен жүргізді. Ең алдымен адамдарды эвакуациялап, әйелдер мен балалардың қауіпті аймақтан шығуына көмектесті. Сонымен қатар үйден газ баллондарын және жарылыс қаупі бар басқа да заттарды алып шықты. Сондай-ақ өрттің таралуына ықпал етуі мүмкін заттар да ғимараттан шығарылды.

Қызметкерлердің жедел әрі сауатты әрекеттерінің арқасында өрттің одан әрі таралуының алдын алып, өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болды.

– Менің төрт жастағы ұлым және үш жастағы қызым бар. Оқиға болған кезде жолдасым жұмыста еді. Пәтерге түтіннің иісі жеткен сәтте ең алдымен балаларымның қауіпсіздігін ойладым. Біз үшінші қабатта тұрамыз, сондықтан балалармен бірге тез жиналып шығу оңай болған жоқ. Мені балаларыммен көрген мекеме қызметкерлері бірден көмекке келіп, қажетті заттарды жинауға және үйден қауіпсіз шығуға көмектесті. Олардың қолдауы мен жанашырлығының арқасында қауіпті аймақтан жылдам шыға алдық. Отбасымыздың атынан батылдығы, қамқорлығы және дер кезінде көрсеткен көмегі үшін зор алғысымды білдіремін, – деді үй тұрғыны Индира Турбаева.

– Мекеме қызметкерлері күрделі жағдайда жеделдік пен ұйымшылдық танытты. Олар абдырап қалмай, оқиғаға дер кезінде әрекет етіп, ең алдымен адамдарды эвакуациялауға назар аударды. Олардың батыл әрі шешімді іс-қимылының арқасында ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды. Мұндай әрекеттер жоғары тәртіптің, жауапкершілік сезімінің және кез келген жағдайда азаматтарға көмек көрсетуге дайын екендігінің айқын дәлелі, – деп атап өтті мекеме бастығы Уалихан Жумашев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру