Атырауда мас күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды
Атырауда өтіп жатқан "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 64 жастағы жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8-13 маусым аралығында Атырау қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері "Hyundai" автокөлігін тоқтатып, жүргізушіні медициналық куәландыруға жіберді. Тексеру нәтижесінде оның орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Құқық бұзушы – 64 жастағы қала тұрғыны. Аталған дерек бойынша жүргізушіге көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Көлік құралын мас күйде басқару жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін естен шығармаған жөн.
Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі.
