ҚАЖ қызметкері Astana Half Marathon 2026 жарысында 21 шақырымды бағындырды
Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімінің инспекция тобының аға инспекторы Жұлдыз Есімханов Astana Half Marathon 2026 халықаралық жартылай марафонына қатысып, 21,1 шақырымдық қашықтықты сәтті еңсерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден келген мыңдаған кәсіби және әуесқой жүгіруші қатысты. Ауқымды марафонның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту.
Жұлдыз Есімханов үшін бұл жарыс сегізінші жартылай марафон болды.
– Барлығы 2024 жылы басталды. Содан бері жеті жартылай марафонға қатысып, бүгін сегізіншісін аяқтадым. Бұл – жай ғана 21 шақырым емес, шаршаумен, күмәнмен және өз мүмкіндігіңнің шегімен күрес.
Мен үшін жүгіру – спорт қана емес. Бұл – тәртіп, мінез және өзін-өзі жетілдірудің жолы. Әрбір жарыс берілмеуге, мақсат қоя білуге және кез келген қиындыққа қарамастан алға ұмтылуға үйретеді.
Әр мәреге жету – өзіңді жеңудің көрінісі әрі жаңа белестерге бастайтын маңызды қадам. Сондықтан алдағы уақытта да жүгіруді жалғастырамын. Өйткені ең маңызды қашықтық – өзіңнің ең үздік нұсқаңа апарар жол, – дейді ҚАЖД қызметкері.
Қызметкерлердің осындай спорттық іс-шараларға қатысуы салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене дайындығын нығайтуға және жеке даму мәдениетін дәріптеуге ықпал етеді.
Жұлдыз Есімхановтың жетістігі табандылық пен тәртіптің кез келген салада жоғары нәтижеге жеткізетінінің жарқын дәлелі.
