Атырауда "Жалған мемлекеттік белгі" іс-шарасы аясында 60-тан астам жүргізуші жауапқа тартылды
Атырауда "Жалған мемлекеттік белгі" іс-шарасы аясында 60-тан астам жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика көлемінде 10-14 маусым күндері аралығында өтіп жатқан "Жалған мемлекеттік белгі" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол сақшылары көлік құралдарын "Бүркіт", "Қорғау" және өзге де ақпараттық жүйелер арқылы тексеріп, жол жүрісі қағидаларын бұзу деректерін, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану фактілерін, сондай-ақ тіркеу талаптарының сақталуын бақылауда.
Атырауда бір күнде 60-тан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 50-ден астам жүргізуші жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану және мотошлем тағу жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз қауіпсіздігі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Айта кетейік, жедел-профилактикалық іс-шара 14 маусымға дейін өз жалғасын табады.
