Атырауда отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі мәселелері талқыланды
Атырауда отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Райса Айтжанова Атырау көлік және коммуникация колледжінің студенттерінің ата-аналарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жасөспірімдердің тәрбиесі, олардың мінез-құлқын дұрыс қалыптастыру, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік, сондай-ақ жастар арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Полиция өкілі ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлінің айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, әрбір ата-ана баласының жүріс-тұрысына бейжай қарамауы керектігін жеткізді.
– Жыл басынан бері Атырау облысында отбасы тыныштығын бұзған 2456 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 2132 қорғау нұсқамасы шығарылды. Құрметті ата-аналар! Отбасында берілген тәрбие баланың болашақ мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан балаларыңыздың тәрбиесіне мұқият болып, олардың ортасы мен бос уақытын назардан тыс қалдырмауларыңызды сұраймыз, – деді Райса Айтжанова.
