Қарағанды академиясында 53-ші шығарылым түлектеріне диплом табысталды
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының саптық алаңында оқу орнының 53-ші шығарылым түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жас офицерлер легін құттықтауға ІІМ өкілдері, Қарағанды облысының активі, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер және түлектердің ата-аналары қатысты.

Салтанатты шара академия туын сап алдына шығару және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды.
Академия бастығының міндетін атқарушы О.Сейтжанов пен ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің бастығы О.Мырзабеков түлектерге дипломдарын табыстап, алдағы қызметтеріне табыс тіледі.

Сонымен қатар мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы М. Қызылов және өзге де құрметті қонақтар жас мамандарға Отанға адал қызмет етуді, антқа берік болуды аманаттады.
Іс-шара барысында қатысушылар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан академия түлектерін бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш стеллаға гүл шоқтарын қойды.

Одан кейін мерекелік бағдарлама ұсынылды. Курсанттардың дефиле тобы мен қоян-қолтық ұрыс шеберлері өз өнерлерін көрсетіп, дәстүрлі "Курсанттар вальсі" орындалды.
Салтанатты жиын академия курсанттарының, Құрмет қарауылының және Ұлттық ұлан әскери оркестрінің қатысуымен өткен саптық шерумен қорытындыланды.

Мерекелік көңіл күймен үлкен өмірге жолдама алған жас офицерлер алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарады.
