ШҚО-да полицейлер есірткіге қарсы ерекше акция ұйымдастырды
Есірткіге қарсы күрес айлығы аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Ауыл" партиясымен бірлесіп, арнайы акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – жастар мен тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ есірткінің зияны туралы қоғамның назарын аудару болды.
Акцияға қатысушылар тауға көтеріліп, спорт пен белсенді өмір салтының есірткіге балама ғана емес, табысты әрі жарқын өмірдің негізі екенін өз үлгілерімен көрсетті. Ұйымдастырушылар құрғақ насихаттан гөрі нақты іс-әрекет пен командалық рухтың маңыздылығына басымдық берді.
Іс-шара барысында қатысушылар есірткіге тәуелділіктің жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамның болашағына қауіп төндіретін күрделі мәселе екенін атап өтті. Ал тауға көтерілу — зиянды әдеттерден бас тартып, денсаулықты, белсенділікті және өмірге деген оң көзқарасты таңдаудың символына айналды.
Мұндай бастамалар полицияның есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр адам өз таңдауын өзі жасайды. Ал бұл жолы акцияға қатысушылар денсаулықты, қозғалысты және есірткісіз өмірді таңдады.
