Павлодар облысында үздік ювеналдық полиция инспекторлары марапатталды
Павлодар облысында үздік ювеналдық полиция инспекторлары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары нәтижелер көрсеткені үшін 24 қызметкер Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Арай Төлемісова, Гаухар Рахимгожина, Ерлан Қалқамбеков, Ирина Емцова, Рада Прохорова, Мадина Жұмабаева, Жұлдыз Қалиханова, Динара Қалықова, Арайлым Мұхамеджанова, Әсел Тұрсынғалиева және Лаура Құрманғалиева бар.
Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің алғыс хатымен ювеналдық полицияның алты қызметкері марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Бибегүл Камзина да бар. Ол кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау ісіне 30 жылдан астам өмірін арнап, облыстың бейінді бөлімшесін басқарған. Ардагер жас мамандардың қалыптасуына және жаңа буын басшыларын тәрбиелеуге зор үлес қосты.
– Сіздер өте маңызды әлеуметтік миссияны атқарып, балалармен жұмыс істеу сеніміне ие болып отырсыздар. Қызмет барысында әртүрлі өмірлік жағдайларға тап болған жасөспірімдермен жұмыс істейсіздер. Бұл қызмет ерекше назар мен мінез-құлықты түзетуді талап етеді. Әрқайсыңыз заң сақшысы ғана емес, сонымен қатар психологсыздар. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы жауапты еңбектеріңізге табыс тілеймін және таңдаған жолдарыңыздан таймай, абыроймен қызмет ете берулеріңізге тілектеспін, – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Максат Сарин.
