Жетісу облысында туристерді құтқарған азаматтар марапатталды
Жетісу облысында туристерді құтқарған азаматтар марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінде Алакөл көлінде адамдардың өмірін сақтап қалған полиция қызметкері Жақсылық Сәрсенов пен Көктұма ауылының тұрғыны Жандос Сақаевты салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Алакөл жағалауында ауа райының күрт нашарлауына байланысты қатты жел көтеріліп, биік толқындар демалушылардың өміріне елеулі қауіп төндірген болатын. Сол сәтте туристік аймақта қызмет атқарып жүрген полиция майоры Жақсылық Сәрсенов жағалаудан алыстап кеткен сапбордтағы адамдарды байқап, Көктұма ауылының тұрғыны Жандос Сақаевпен бірге бірден көмекке ұмтылды.
Олардың батылдық пен үйлесімділік танытқан жедел әрекеттерінің нәтижесінде Ресей Федерациясынан келген туристер аман-есен құтқарылды. Осылайша құтқару қызметі келгенге дейін адам өміріне қауіп төндірген қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Көрсеткен ерлігі, жоғары азаматтық жауапкершілігі және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов құтқарушыларға арнайы марапаттарын табыстады.
Бұл оқиға қиын сәтте өзгенің тағдырына бейжай қарамай, қауіпке қарамастан көмек қолын созуға дайын азаматтардың арамызда бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олардың жанқиярлығы мен батылдығы көпшілікке үлгі болып, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін көрсетті.
