"Алыптар сайысында" дараланған тәртіп сақшысы
Атырау облысы Исатай ауданында алғаш рет ұйымдастырылған "Алыптар сайысы" көрермендердің зор ықыласына бөленіп, күш пен төзімділікті сынға салған тағылымды додаға айналды. Аудан намысын абыроймен қорғаған қатысушылардың қатарында Исатай аудандық полиция бөлімінің кезекші-көмекшісі, полиция қызметкері Нұрқуат Умаров та болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұрқуат Умаров 1979 жылғы 23 мамырда Аққыстау ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өскен ол жастайынан спортқа жақын болды. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ кір тасын көтерумен айналысып, бұл қызығушылығын өмірлік ұстанымына айналдырды. Тынымсыз еңбектің, табандылық пен тұрақты жаттығудың нәтижесінде кір тасын көтеру және қол күресі бойынша аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.
Биыл алғаш рет өткен "Алыптар сайысында" ол өзінің мықты физикалық дайындығын ғана емес, қайсар мінезі мен жігерін де көрсетті. Қатысушылар 39 жолаушы мінген автобусты сүйреу, салмағы 260 келі болатын арнайы техника дөңгелегін белгіленген қашықтыққа жеткізу секілді күрделі кезеңдер бойынша бақ сынады.
Көрермендердің ерекше назарын аударған сәттердің бірі – Нұрқуат Умаровтың Газель автокөлігін арқасымен сүйреуі болды. Бұл сынға арнайы дайындалмағанына қарамастан, ол бар күш-жігерін жұмылдырып, тапсырманы орындауға барын салды.
- "Күш – атасын танымас" дейді халқымыз. Мен үшін ең бастысы – намысты қолдан бермеу болды. Бар күшімді салып, өзіме сендім, – дейді тәртіп сақшысы.
Нұрқуат Қахарманұлы жарысқа ешқандай міндеттеу немесе тапсырмасыз, өз еркімен қатысқанын айтады. Оның пікірінше, туған ауданның намысын қорғау – әр азаматтың парызы.
Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2007 жылдың сәуір айында бастаған. Содан бері адал қызмет атқарып, бүгінде Исатай аудандық полиция бөлімінде кезекші-көмекші қызметін абыроймен атқарып келеді. Қызметтегі жауапкершілік пен спорттағы табандылықты қатар ұстанған ол бос уақытын жаттығуға арнап, өзін үнемі физикалық әрі рухани тұрғыдан шыңдап отырады.
Бес баланың әкесі ретінде Нұрқуат Умаров ұрпағына салауатты өмір салтын ұстанудың, еңбекқорлықтың, үлкенге құрмет көрсетудің және ұлттық құндылықтарды қастерлеудің маңызын насихаттап келеді.
- Спорт – тек күш сынасатын алаң емес, ол мінезді қалыптастыратын үлкен мектеп. Адам жеңісті де, жеңілісті де дұрыс қабылдай білуі керек. Сонда ғана өмірдің түрлі сынақтарына төтеп бере алады, – дейді ол.
Қызметте сергек, спортта шыңдалған Нұрқуат Умаров алдағы уақытта да түрлі жарыстарға қатысып, жастарды спортпен шұғылдануға ынталандыруды мақсат етеді. Оның еңбекқорлығы, отансүйгіштігі мен табандылығы – жас буынға үлгі боларлық өнеге, ал полиция қызметкерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындайтын жарқын мысал.
