Желіде танылған, қызметте шыңдалған полиция қызметкерінің бір күні
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – патрульдік полиция қызметкерлерінің күнделікті басты міндеті. Олар тәулік бойы қала көшелерінде қызмет атқарып, құқық бұзушылықтардың алдын алады, жол қозғалысын бақылауда ұстайды және қиын жағдайға тап болған азаматтарға алғашқылардың бірі болып көмек көрсетеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көпшілікке көріне бермейтін бұл қызметтің артында зор жауапкершілік, қырағылық пен төзімділік жатыр.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген қызметкерлердің бірі – Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы Берік Жандарбек.
Берік Жандарбек 1996 жылы дүниеге келген. 2014–2015 жылдары әскери борышын өтеп, құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2016 жылы бастаған. Кейін Атырау мемлекеттік университетінде "Құқықтану" мамандығы бойынша білім алып, кәсіби біліктілігін арттырды. Бүгінде ол ішкі істер органдарында он жылдан астам уақыт бойы адал қызмет етіп келеді.
Оның әрбір жұмыс күні таңғы саптық жиыннан басталады. Жеке құрамға күнделікті міндеттер жүктеліп, қызметтік бағыттар мен маршруттар бекітіледі. Осыдан кейін экипаж қала көшелеріне шығып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына кіріседі. Қызмет барысында жол-көлік оқиғаларына жедел ден қою, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың өтініштеріне уақытылы әрекет ету секілді сан алуан міндеттер орындалады.
Патрульдік полиция қызметінде бір күн екінші күнге ұқсамайды. Кейде жолда қалған жүргізушіге көмек көрсету қажет болса, енді бірде жоғалған баланы ата-анасына табыстауға немесе шұғыл медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың қауіпсіз әрі уақытылы жетуіне ықпал етуге тура келеді. Мұндай сәттерде кәсіби шеберлікпен қатар адамгершілік қасиеттер де ерекше мәнге ие.
Берік Жандарбек қызметтік міндетін атқарумен қатар, полиция мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға да айрықша көңіл бөліп келеді. Ол әлеуметтік желідегі @patrol_blog парақшасы арқылы патрульдік полиция жұмысының шынайы көріністерін көрсетіп, азаматтарға жол қауіпсіздігі, заң талаптары және қызмет ерекшеліктері туралы танымдық әрі пайдалы ақпарат ұсынады. Бүгінде аталған парақшаға 48 мыңнан астам адам жазылған.
Құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығын насихаттап, полицияның оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесі жоғары бағаланып, Берік Жандарбек "Bizdin премия" Batys 2025 фестивалінде "Үздік кәсіби контент" номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл марапат оның тек қызметтік міндетін сапалы атқарып қана қоймай, қоғаммен тиімді коммуникация орнатудағы еңбегінің де нәтижесі болып табылады.
Патрульдік полиция қызметкерінің бір күні сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда оның әрбір сәті жоғары жауапкершілік пен сергектікті талап етеді. Қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция капитаны Берік Жандарбек секілді мамандардың күнделікті қызметі – халықтың тыныштығы мен құқық қорғау органдарына деген сенімінің берік негізі.
