Ақтөбе облысы полиция департаментінде "Заң мен Тәртіп" идеологиясын іске асыру мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысы полиция департаментінде "Заң мен Тәртіп" идеологиясын іске асыру мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Полиция күні қарсаңында Ақтөбе облысы полиция департаментінде "Конституция – Заң мен Тәртіп негізі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында жеке құрам арасында "Заң мен Тәртіп" идеологиясын жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстелге департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысып, Мемлекет басшысы айқындаған заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған басым міндеттерді, сондай-ақ оларды іске асыру тетіктері мен әдістемелік ұсынымдарды қарастырды.
Кездесу барысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыру және заң талаптарын мүлтіксіз орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шарада Ақтөбе облысы полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Галина Стырличук баяндама жасап, "Заң мен Тәртіп" қағидаттарын жүзеге асыру ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл идеология полиция қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық қорғау органдарына деген қоғамдық сенімді нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, халықпен өзара іс-қимылды күшейту, құқықтық сауаттылықты дамыту және қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында пікір алмасты.
Мұндай кездесулер полиция қызметкерлері арасында заң үстемдігі қағидатын нығайтуға, қоғам алдындағы жауапкершілік пен қызметтік борышқа адалдықты арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде әділетті, қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет құрудың маңызды негіздерінің бірі саналатын "Заң мен Тәртіп" идеологиясын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
