Маңғыстау облысында құқық қорғау органдарының жұмысы қорытындыланды
Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңейтілген ведомствоаралық отырыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың бірлескен мәжілісі өткізілді.

Жиынға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен салалық ведомстволардың басшылары қатысты.
Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері жан-жақты қаралды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің өкілдері жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8 пайызға төмендегенін атап өтті. Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері қорғау ұйғарымдарын шығарып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгілеп, тәуекел тобындағы отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп келе жатқаны айтылды.
Отырыста интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне айрықша назар аударылды. Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 135 дерегі тіркелген. Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында құқық қорғау органдары мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесіп кең ауқымды түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытындағы шаралардың нәтижелері де қаралды. Есепті кезеңде өңірде 213 есірткі құқық бұзушылығы анықталып, заңсыз айналымнан 107 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткінің зияны туралы ақпараттандыру мақсатында жыл басынан бері 347 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған.
Жиын барысында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткізілетін іс-шаралар жоспары таныстырылды. Аталған күнге байланысты өңірде жастар арасында антинаркотикалық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық және профилактикалық акциялар ұйымдастырылатыны айтылды.
Отырыс қорытындысында облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастарды есірткі заттарының зиянды әсерінен қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кеңес соңында жауапты мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтықпен күрес және есірткі қылмысының жолын кесу бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді.
