Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіз қоғам үшін серіктестік: Павлодарда полиция мен блогерлердің кездесуі өтті

Павлодар облысы полиция департаментінде блогерлер қауымдастығы өкілдерімен кездесу өтті. Басқосуда алдағы жоспарлар, коммуникациялық стратегияны жетілдіру және қоғаммен өзара іс-қимылдың жаңа форматтары талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Департамент бастығы Василий Скляр ведомствоның ашық ақпараттық саясаты көп жылдан бері жұмыстың басым бағыттарының бірі болып келе жатқанын атап өтті.

– Таңдалған бағыт сақталып қана қоймай, одан әрі күшейтіледі. Басым міндеттердің қатарында заманауи коммуникация құралдарын дамыту, әлеуметтік желілердегі белсенді жұмысты жандандыру, профилактикалық жобаларды іске асыру, сондай-ақ балалар қауіпсіздігіне, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, интернет-алаяқтықпен және есірткі қылмыстарымен күреске ерекше назар аудару бар, – деді ведомство басшысы.

Кездесудің маңызды бөлігі ашықтық, жеделдік және қолжетімділік қағидаттарына негізделген коммуникациялық стратегияға арналды. Полицияның мақсаты – тек оқиғалар туралы ақпарат тарату ғана емес, сонымен қатар түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргізу және азаматтарға қауіпсіздік мәселелерінде дұрыс бағыт-бағдар беру.

Кездесуге қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алуда пікір көшбасшыларымен серіктестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Алда жаңа жобалар, жаңа форматтар мен тың идеялар күтіп тұр. Басты мақсат – полицияны халыққа бұрынғыдан да жақындатып, қоғаммен тұрақты әрі тиімді диалог қалыптастыру, – деп түйіндеді Василий Скляр.

Кездесу аясында қоғамдағы қауіпсіздік мәселелерін насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар блогерлер алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың қатарында Өт Ризабек, "А знаете ли Вы?" жобасының авторы Арслан Алимов, Виктория Авраменко, "Было дело…" жобасының авторы Инна Гроз, Руслан Тукинов, "Қауіпсіз балалық шақ" жобасының авторы Анаргүл Нұрымова және Камила Тохтарбаева бар.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Блогерлер ақпаратты тиімді жеткізу тәсілдерімен бөлісіп, оқиға орындарынан хабар тарату ерекшеліктерін, сондай-ақ қызметтік құпияны сақтай отырып, кері байланысты дамыту жолдарын талқылады.

Пікір алмасу қорытындысы бойынша интернет-қоғамдастық өкілдері мен тәртіп сақшылары азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен қырағылығын арттыруға, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін насихаттауға бағытталған бірлескен медиажобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру