Жазғы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігі: Жетісуда ведомствоаралық кездесу өтті
Жетісу облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастамасымен кәмелетке толмағандардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Жетісу облысы полиция департаментінің, білім беру органдарының, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қатысуымен болатын төтенше оқиғаларды, оның ішінде терезеден құлау, суға бату, суицидтік мінез-құлық фактілерін болдырмау, сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қатысушылар облыс аумағындағы қалыптасқан жағдайды, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарды және балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған шараларды талқылады. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы жазатайым оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қосымша шараларды әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың, қоғам мен ата-аналардың ортақ міндеті екенін атап өтті. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады.
