Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аса ауыр қылмысты 3 тәулікте ашқан тергеуші

Жамбыл облысы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Диана Біләл кәсіби шеберлігі мен табандылығының арқасында аса ауыр қылмысты небәрі 70 сағат ішінде тергеп аяқтап, істі сотқа жолдады. Оның біліктілігі мен жедел әрекеті қылмыстың қысқа мерзімде ашылып, кінәлі тұлғаның заң алдында жауап беруіне мүмкіндік берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған қылмыс Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылындағы шаруа қожалығында болған. Оқиға туралы хабарлама түскен сәттен бастап тергеуші барлық қажетті тергеу әрекеттерін жедел ұйымдастырып, қылмыстың мән-жайын қысқа мерзім ішінде толық анықтады.

Оқиға орнын егжей-тегжейлі қарау, куәлар мен оқиғаға қатысы бар тұлғалардан жауап алу, заттай дәлелдемелерді жинау, сараптамалар тағайындау және күдіктіні ұстау секілді күрделі процессуалдық жұмыстар заң талаптарына сай әрі сапалы жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық іс қысқа мерзімде аяқталып, сот қарауына жолданды. Кейін сот үкімімен кінәлі тұлға 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл жетістік құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген әйел мамандардың кәсібилігі мен табандылығының жарқын үлгісі саналады. Полиция капитаны Диана Біләл адам өлтіру фактілерімен қатар, әйелдер мен балаларға қатысты жасалған ауыр қылмыстарды тергеуде де мол тәжірибе жинақтаған. Ол қылмыскерлердің заң алдында жауап беруін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Биыл тергеуші интернет арқылы 26 азаматты алдап, миллиондаған теңгені заңсыз иемденген күдіктіге қатысты күрделі қылмыстық істі де сәтті тергеп, сотқа жолдады.

— Әрбір тергеу ісінде уақыттың маңызы зор. Әр дәлел нақты, толық және өзара сабақтас болуы қажет. Сонда ғана әділ шешім қабылдауға мүмкіндік туады, — дейді Диана Біләл.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдарында қызмет ететін әйелдер жауапты әрі күрделі міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Диана Біләлдің 2023 жылы облыс әкімінің «Үздік жас құқық қорғау органы қызметкері» сыйлығымен марапатталуы оның кәсіби еңбегіне берілген жоғары баға. Оның табандылығы, адалдығы және кәсіби шеберлігі заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділдіктің салтанат құруына елеулі үлес қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру