Ұлытау облысында ІІО ардагері жас қызметкерлермен кездесті
Сәтбаев қаласының полиция бөлімінде ішкі істер органдарының ардагері Манат Айтбаевтың жас қызметкерлермен тағылымды кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Ұрпақтар сабақтастығы – қызметке адалдықтың үлгісі" тақырыбында ұйымдастырылған бұл іс-шара жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мен отансүйгіштік қасиеттерін шыңдауды мақсат етті.
Кездесу барысында көп жыл бойы құқықтық тәртіпті күзетуде аянбай еңбек еткен ардагер Манат Айтбаев өзінің қызметтік жолындағы қызықты да қиын сәттерімен бөлісті. Ол полиция қызметкері үшін ең басты қасиеттер — кәсібилік, жауапкершілік, темірдей тәртіп және халыққа адал қызмет ету екеніне ерекше тоқталды.
Жас мамандар өз кезегінде аға буын өкілінің өмірлік тәжірибесінен тәлім алып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Іс-шараға арнайы қатысқан Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің бастығы Думан Мағзиев мұндай кездесулердің маңызы жоғары екенін атап өтті.
— Ардагерлеріміздің қалдырған мектебі мен бай тәжірибесі — жас буын үшін әрдайым құнды бағдаршам. Осындай іс-шаралар полиция қатарына жаңадан қосылған қызметкерлерді тәрбиелеуде және үздік қызметтік дәстүрлерді сақтап қалуда маңызды рөл атқарады, — деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар аға буын мен жас буын арасындағы алтын көпірді нығайтатын мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.
