Елордада полиция бопсалау дерегін тоқтатты
Елордада құрылыс компанияларының бірінің басшысынан ақша бопсалау фактісі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында екі ер адамның кәсіпкерге екі апта бойы жүйелі түрде қысым көрсетіп, бопсалау арқылы ақша талап еткені анықталды. Олар талап етілетін соманы біртіндеп арттырып отырған.
Күдіктілер әлеуметтік желілерде компанияның іскерлік беделі мен қызметіне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтерді жариялаймыз деп қорқытып, нәтижесінде 80 млн теңге талап еткен.
Заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында кәсіпкердің заңды өкілі полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ақша беру сәтінде екі күдіктіні қолға түсірді. Анықталғандай, олардың бірі адвокат болып шыққан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция кез-келген қысым көрсету, бопсалау немесе заңсыз жолмен ақша талап ету әрекеттерінің жолы кесілетінін, ал оған қатысы бар тұлғалардың заң алдында жауапқа тартылатынын ескертеді.
Сонымен қатар мұндай заңсыз әрекеттерге делдал болу немесе жәрдемдесу де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны атап өтілді.
Полиция азаматтар мен кәсіпкерлерді қорқыту, қысым көрсету немесе бопсалау фактілері орын алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.
