Атырау облысы ҚАЖД-да Спорт күні шағын футбол алаңында атап өтілді
20 маусым – Спорт күніне орай Атырау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде шағын футболдан жарыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
20 маусым – Қазақстанда Спорт күні ретінде аталып өтетін айтулы мереке. Осыған орай қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде қызметкерлер мен ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және ұжымдық бірлікті нығайту мақсатында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Спорттық шараның ашылу салтанатында ұйымдастырушылар мемлекетімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ спорттың адам денсаулығын нығайтып қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке және табандылыққа тәрбиелейтін маңызды құрал екені айтылды.
Жарысқа департаменттің ардагерлері мен қызметкерлері қатысып, өзара бақ сынасты. Әсіресе ардагерлердің белсенді қатысуы жас буынға үлгі болып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Көп жылдық тәжірибесі бар ардагерлер ойын барысында шеберлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Тартысты өткен кездесулерде командалар жоғары дайындық деңгейін байқатып, жеңіске деген жігерін танытты. Әр ойын көрермендерге ерекше әсер сыйлап, спорттық рух пен достық қарым-қатынастың маңызын айқындай түсті. Қатысушылар тек жеңіске жетуді ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттауды және өзара ынтымақтастықты басты мақсат ретінде ұстанды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар мен қатысушылар арнайы дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарысқа белсене қатысқан ардагерлерге алғыс білдіріліп, олардың қоғамдағы және мекеме өміріндегі орны ерекше екені атап өтілді.
Мұндай спорттық іс-шаралар қызметкерлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, ұжымдық рухты көтеруге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Алдағы уақытта да қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде спортты дамытуға бағытталған осындай игі бастамалар өз жалғасын таба бермек.
Спорт – денсаулық кепілі, ал салауатты өмір салты – қоғамның жарқын болашағының негізі.
