Қостанай тұрғыны полицейлерге алғыс білдірді
Қостанай тұрғыны полицейлерге алғыс білдірді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай полициясының Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына азаматшадан алғыс хат келіп түсті. Ол жолда қиын жағдайға тап болған жұбайына көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Әйелдің айтуынша, түнгі уақытта трассада жұбайының көлігі бұзылып қалған. Елді мекеннен алыс жерде қалған ер адам қиын жағдайда жалғыз қалмаған. Сол сәтте жол бойымен өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері тоқтап, көмек қолын созған.
Полицейлер ер адамды қиындықта қалдырмай, оның көлігін трос арқылы сүйреп, қауіпсіз жерге дейін жеткізуге көмектескен.
Адамдарға көмек көрсету – полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеті ғана емес, ең алдымен адамгершілік қасиет. Кейде дер кезінде тоқтап, қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созудың өзі үлкен көмек.
Осындай қарапайым әрі ізгі істер азаматтардың полицияға деген сенімін арттыра түседі.
