Маңғыстауда тәртіп сақшылары арасында спорттық турнир өтті
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Маңғыстау облысында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнирдің ашылу салтанатына Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ілияс Жұмағұлов қатысты.

Ол өз сөзінде мұндай спорттық іс-шаралардың қызметкерлер арасындағы ауызбіршілік пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және дене дайындығын арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тілеп, әділ бәсеке мен жарқын жеңістерге жетулеріне ниет білдірді.
Турнирге ішкі істер органдарының қызметкерлерімен қатар ардагерлерденқұралған команда да қатысып, жас буынға үлгі көрсетіп, тартысты ойын өрнегін паш етті.

Тартысқа толы өткен жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын — Маңғыстау облысы полиция департаментінің командасы;
ІІ орын — Ақтау қаласы полиция басқармасының командасы;
ІІІ орын — Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының командасы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Мұндай спорттық іс-шаралар қызметкерлер мен ардагерлер арасындағы сабақтастықты нығайтып, ұжымдық рухты көтеруге және ішкі істер органдары қызметінің беделін арттыруға ықпал етеді.
