Атырауда полиция қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды
Атырау облысында Қазақстан полициясы күніне орай тәртіп сақшылары арасында шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Атырау облысы полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының ұйымдастыруымен тәртіп сақшылары арасында шағын футболдан турнир өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қызмет барысында жоғары дене дайындығын сақтайтын полицейлердің спорттық шеберлігін арттыру, сондай-ақ командалық бірлік пен әріптестік рухты нығайту.

Турнирге Атырау облысы полиция департаменті, Атырау қаласы полиция басқармасы, №1 және №2 қалалық полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен құралған 8 команда қатысты. Қатысушылар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін байқатты.

Жарыс қорытындысы бойынша III орынды №1 қалалық полиция бөлімі иеленсе, II орынды "Арлан" арнайы мақсаттағы жасағының қызметкерлері жеңіп алды. Ал турнирдің жеңімпазы атағын Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командасы иеленді.

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге алғыс білдірілді.
