Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қайта әлеуметтендіру жолындағы қажырлы еңбек

Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің еңбегі көп жағдайда көпшілік назарынан тыс қалып жатады. Дегенмен дәл осы салада тағдыр тәлкегіне түскен жандардың өмірге деген көзқарасын өзгертуге, олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін мамандар еңбек етеді. Солардың бірі – Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №34 мекеменің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Мадина Сегізбаева, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өз өмірін пенитенциарлық жүйеге арнаған Мадина Сегізбаева бұл салада 24 жылдан астам уақыт табанды қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол жас маманнан тәжірибелі басшыға дейінгі кәсіби жолдан өтіп, біліктілігі мен адамгершілік қасиеттері арқылы әріптестерінің құрметіне ие болды.

Мадина Өміржанқызының құқық қорғау саласына деген қызығушылығы жастайынан қалыптасты. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Павлодар заң колледжіне "Құқықтану" мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2004 жылы оқу орнын сәтті тәмамдады. Сол кезеңде-ақ ол жауапкершілігі жоғары әрі төзімділікті талап ететін қызмет жолын саналы түрде таңдаған еді.

Еңбек жолын Қарағанды облысындағы АК-159/20 мекемесінде сотталғандар арасында тәрбие жұмысы жөніндегі жасақ бастығы қызметінен бастады. Бұл қызметте ол адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, әр адамның тағдырына бейжай қарамайтын, талапшыл әрі принципшіл маман ретінде қалыптасты.

2006 жылдан бастап оның қызметі босатылуға дайындалып жатқан сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жұмыстармен тығыз байланысты болды. Сотталғандар арасында тәрбие жұмысы бөлімінің босатылатындарды тұрмыстық және еңбекке орналастыру жөніндегі аға маман-инспекторы ретінде ол азаматтардың қоғамға қайта оралуына, жұмысқа орналасуына және жаңа өмір бастауына жан-жақты қолдау көрсетті.

Көпжылдық тәжірибесі, кәсіби білімі мен жауапкершілігінің арқасында Мадина Өміржанқызы басшылық қызметке көтерілді. 2017 жылдан бері №34 мекеменің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімін басқарып келеді.

Әріптестері оны талапшыл, әділ әрі салмақты шешім қабылдай білетін басшы ретінде сипаттайды. Ал көптеген сотталғандар үшін ол өмірге жаңа көзқараспен қарауға, өз мүмкіндіктеріне сенуге және дұрыс бағыт таңдауға ықпал еткен тәлімгер тұлғаға айналды.

Қызметтегі жоғары жауапкершілікпен қатар, Мадина Өміржанқызы отбасы құндылықтарына да ерекше мән береді. Жолдасымен бірге екі баланы тәрбиелеп отыр. Бос уақытында бау-бақша өсірумен айналысып, атқа мінуді ұнатады. Табиғат аясындағы демалыс оған күш-қуат беріп, жан тыныштығын сақтауға көмектеседі.

Мадина Сегізбаеваның өмір жолы – кәсібилік пен адамгершіліктің, еңбекқорлық пен өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісі. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы сотталғандарды тәрбиелеу мен қайта әлеуметтендіру ісіне өлшеусіз үлес қосып, қоғам қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның қызметі – адам тағдырын өзгертуге бағытталған ізгілікті еңбектің айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру