Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жас криминалисттің кәсіби шеберлігі

Петропавл қаласы полиция басқармасында небәрі бір жыл бір ай қызмет етіп жүрген жас маман – Дариға Байтеңізова өз ісіне деген жауапкершілігімен және кәсіби дайындығымен тәжірибелі мамандардың қатарынан көрініп жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-криминалистикалық бөлім қызметкерлеріне әдетте сегіз рұқсаттың үшеуі не төртеуі ғана берілетін болса, Дариғаның алтауы бар. Жас маман мұнымен тоқтап қалмай, кәсіби біліктілігін одан әрі жетілдіруді мақсат етіп отыр.

Бала күнінен адамдарға көмектесіп, әділдік орнатуды армандаған ол осы жолды таңдап, Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алды. Оқу орнында оның қабілеті жоғары бағаланып, криминалистикалық зерттеулердің барлық бағыты бойынша жан-жақты даярлықтан өтті.

Криминалистикадағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – дактилоскопиялық зерттеу. Дариға қызмет жолындағы алғашқы істердің бірінде ұялы телефон ұрлығы дерегін ашуға атсалысты. Заречный кентінде орын алған оқиға барысында жәбірленуші күдіктінің түр-тұлғасын да, аты-жөнін де нақты айта алмаған. Алайда оқиға орнынан алынған заттай дәлелдердегі саусақ іздері арнайы деректер базасы арқылы салыстырылып, күдікті тұлғасы анықталды. Соның нәтижесінде қылмыс ізін суытпай ашуға мүмкіндік туды.

Сондай-ақ оның кәсіби шеберлігі қоғам назарын аударған тағы бір оқиғаны ашуға сеп болды. Мешіт жанындағы киімжайда орын алған ұрлық дерегі бойынша оқиға орнынан алынған саусақ іздері арқылы күдіктінің бұрыннан деректер базасында тіркелген тұлға екені анықталды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті қысқа мерзім ішінде ұсталды.

Жас криминалистің қызмет күні түрлі сараптамалық жұмыстармен қатар өтеді. Сонымен бірге ол аптасына бір-екі рет жедел-тергеу тобының құрамында кезекшілікке түседі. Бұл топ құрамында жедел уәкіл, тергеуші және криминалист бірлесе жұмыс істеп, қылмыстарды ашуға алғашқы қадам жасайды. Кезекшілік тәулік бойы үздіксіз жалғасады, ал әрбір шақырту жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Қызметтің қарбаласына қарамастан, Дариға отбасымен тығыз байланысын үзбейді. Анасына үнемі хабарласып, жағдайын айтып отырады. Көп жағдайда түнгі кезекшіліктен хабар бергенде де оның даусы сабырлы әрі сенімді естіледі. Анасының қамқор сөзі мен тілегі оған әрдайым күш-қуат береді.

Күн-түн демей атқарылатын бұл қызмет – заң үстемдігін қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес. Жас маман өз еңбегінің қоғамға пайда әкеліп, азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуға қызмет ететініне сенімді.

- Академияда алған білімім күн сайын өз нәтижесін беріп келеді. Адамдардың қауіпсіздігіне үлес қосу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор қуаныш, – дейді Дариға Байтеңізова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру