БҚО-да Қазақстан полициясы күніне арналған самбо турнирінің жеңімпаздары анықталды
БҚО-да Қазақстан полициясы күніне арналған самбо турнирінің жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласында Қазақстан полициясы күніне орай құқық қорғау органдары мен күштік құрылым қызметкерлері арасында Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының кубогына арналған самбо күресінен турнир өтті.

Спорттық іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қатысып, мұндай жарыстар қызметкерлердің кәсіби және дене даярлығын жетілдіруге, жауынгерлік рухын нығайтуға және ведомствоаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.

Турнирді "Арлан" спорт клубы ұйымдастырды. Жарыстың басты мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Биылғы жарысқа түрлі құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардан 100-ге жуық спортшы қатысып, татами төрінде жоғары шеберлік пен тыңғылықты дайындық деңгейін көрсетті. Тартысқа толы белдесулер көрермендер мен жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Командалық есеп қорытындысы бойынша:
• І орын – Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің командасы;
• ІІ орын – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің командасы;
• ІІІ орын – Ақжайық аудандық полиция бөлімінің командасы.
Жекелей есепте өз салмақ дәрежелері бойынша келесі спортшылар жеңімпаз атанды:
• 58 келі – Жалғас Тлекқабылов;
• 64 келі – Жандос Өтегұлов;
• 71 келі – Бағдат Жарылғасов;
• 79 келі – Айбек Ғабдешов;
• 88 келі – Берік Масалиев;
• 98 келі – Қуаныш Ибадуллаев;
• +98 келі – Ерлан Мұсағалиев.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарысқа қатысқан барлық спортшыларға белсенділігі мен спортқа деген адалдығы үшін алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Мұндай спорттық жарыстар қызметкерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтуға, өзара құрмет пен достықты дәріптеуге, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

