Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінде ардагерлер мен қызметкерлер марапатталды
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінде Қазақстан полициясы күні салтанатты түрде аталып өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Кәсіби мерекеге орай қызметкерлер мен ардагерлерді Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Нұрбек Қабдікәрімов құттықтады. Өз сөзінде ол жеке құрамға адал қызметі, жоғары кәсібилігі, қызметтік борышына деген беріктігі және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері шақырылды. Олар саналы ғұмырын мемлекетке қызмет етуге және жас мамандарды тәрбиелеуге арнаған жандар. Департамент басшылығы ардагерлерге көпжылдық еңбегі, мол тәжірибесі және таңдаған мамандығына деген адалдығы үшін ерекше ризашылығын жеткізді.
Салтанатты жиын барысында үздік қызметкерлер мен ардагерлер ведомстволық төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлерге кезектен тыс арнайы атақтар табысталды.
Мерекелік шара Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Әсем әндер мен шығармашылық қойылымдар жиынға ерекше сән беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
– Бүгінде Абай облысының қылмыстық-атқару жүйесі бөлімшелерінде 400-ден астам қызметкер еңбек етуде. Олардың әрқайсысы заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Қазақстан полициясы күні – мемлекет пен халыққа қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған, кәсібилік пен жауапкершілікті, өз ісіне адалдықты ту еткен азаматтардың мерекесі. Сондай-ақ қызмет ардагерлеріне ерекше алғысымызды білдіреміз. Олардың тәжірибесі, білімі мен мамандыққа деген адалдығы жас буын қызметкерлер үшін әрдайым үлгі болып қала береді, – деп атап өтті Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Райгүл Сауғабаева.
