Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полициядағы бір күн: Көкшетау жастары құқық қорғау қызметімен танысты

"Полициядағы бір күн" жобасы аясында Көкшетау қаласында студенттер мен жастарға арналған көшпелі интерактивті тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясының өкілдері өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жоба "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттауға, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бері оған 5 мыңнан астам оқушы, студент, ерікті және қоғам өкілдері қатысқан. Бұл жолы Көкшетау қаласының студенттері мен оқушылары да жоба аясындағы іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Қатысушылар алдында Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов және ҚР ІІМ Басқару академиясының басшы құрамын даярлау факультетінің бастығы Александр Кан сөз сөйледі.

Ұйымдастырушылар жастар үшін мазмұнды әрі танымдық бағдарлама әзірледі. Оның басты мақсаты – полиция қызметінің қыр-сырын ішінен көрсету. Таныстыру экскурсиясы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалдық кешеннен басталды. Тәуелсіздік жылдары ішінде қызметтік борышын өтеу барысында 43 ақмолалық полиция қызметкері қаза тауып, олардың есімдері мемориалдың гранит тақталарына қашалып жазылған.

Одан кейін қатысушылар арнайы бөлімшелердің қызметімен, қызметтік қару-жарақпен, патрульдік полиция автокөліктерімен, криминалистикалық зертхананың мүмкіндіктерімен және кинологиялық қызметтің жұмысымен танысты. Студенттер қызметтік иттердің шеберлігін бақылап, олардың жарылғыш заттарды іздеу дағдыларын іс жүзінде көрді.

Жедел басқару орталығында жастар полиция жасақтарының жедел әрекет ету жүйесімен және заманауи бейнебақылау технологияларының мүмкіндіктерімен танысты. Экскурсия ведомстволық мұражайда жалғасып, қатысушылар полиция департаментінің тарихы мен өңірдің ішкі істер органдарының дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы мағлұмат алды.

Іс-шараның интерактивті бөлімі де ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар командалық тапсырмаларды орындап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады.

Тренингтің ең әсерлі кезеңдерінің бірі "Болашақ полициясы" атты шығармашылық тапсырма болды. Командаларға бөлінген жастар заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерге негізделген құқық қорғау жүйесінің болашақтағы келбеті жөніндегі өз жобаларын ұсынды. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері мен инновациялық мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қазақстандағы Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) PREVECA бағдарламасының консультанты Замир Төлешов сөз сөйлеп, жастармен өз тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. ҚР ІІМ Басқару академиясының өкілдері жастарды құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына белсенді қатысуға және қоғамдағы заңдылық пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру