Елордада тойдан кейін отшашу атқан азамат жауапқа тартылды
Елордада отбасылық мерекені ерекше әсерлі өткізбек болып, отшашу қосқан 21 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен үйлену тойынан кейін болған. Мейрамхана аумағында пиротехникалық бұйым – отшашу іске қосылып, жақын маңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарының тыныштығы бұзылған. Түнгі уақытта шыққан қатты дыбыстан алаңдаған азаматтар бұл туралы полицияға хабарлаған.
Полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында құқық бұзушының жеке басы анықталды. Белгілі болғандай, ол той қонақтарының бірі болған. Алдын ала мәлімет бойынша, мерекенің сәнін келтіру мақсатында пиротехникалық бұйымды өзі пайдаланған.
Аталған азамат елді мекенде пиротехникалық бұйымдарды пайдалану тәртібін бұзғаны және түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға пиротехникалық бұйымдарды қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығына нұқсан келтіретін орындарда және жағдайларда пайдалануға заңмен тыйым салынғанын еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар түнгі уақытта тыныштықты бұзу да әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Осыған байланысты полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, өзгелердің тынығу құқығына құрметпен қарауға және кешкі әрі түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ қатты шу шығаратын өзге де құралдарды пайдаланудан бас тартуға шақырады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және айналадағы адамдардың тыныштығына құрметпен қарау – қала тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың басты кепілі.
