Жамбыл облысында жыл басынан бері 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді
Жамбыл облысында есірткіге қарсы айлық қорытындыланды. Жыл басынан бері 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта есірткіге қарсы айлықтың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Қорытынды іс-шараға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен өңір тұрғындары қатысты.

Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың атынан департамент бастығының орынбасары Байжан Байгелді мемлекеттік органдардың өкілдеріне, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелеріне, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне, еріктілерге және есірткіге қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан азаматтарға Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табыстады.

Жиында сөз сөйлеген Байжан Байгелді нашақорлыққа қарсы күрес кешенді тәсілді және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен іс-қимылын талап ететінін атап өтті.
– Біздің міндетіміз тек есірткі қылмыстарының жолын кесумен шектелмейді. Біз жастардың бойында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға және қоғамның осы қауіпті құбылысқа қарсы иммунитетін нығайтуға баса мән береміз. Айлық аяқталғанымен, есірткіге қарсы жұмыс барлық бағытта жалғасады, – деді ол.
Айлық аясында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді. Олардың қатарында дәрістер, семинарлар, спорттық турнирлер, жастармен кездесулер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен ұйымдастырылған ашық есік күндері бар.
Іс-шараның маңызды кезеңдерінің бірі заңсыз айналымнан тәркіленген есірткі заттарын жою рәсімі болды. Бұл құқық қорғау органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізіп жатқан жүйелі әрі қағидатты жұмысының айқын көрінісіне айналды.
Жыл басынан бері Жамбыл облысының аумағында 251 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Заңсыз айналымнан 4 тонна 212 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар 60 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды.
Іс-шара барысында кинолог-полицейлер қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау мүмкіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлері арнайы тактикалық көрсетілімдер ұйымдастырды.
Қонақтар мен қатысушылар үшін футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан жарыстар өткізілді. Спорттық сайыстарға қатысушылар мен еріктілерге "Есірткісіз болашақ" деген жазуы бар футболкалар мен кепкалар таратылды.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Есірткіге қарсы айлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтық қоғамның нашақорлықтың алдын алу, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
