Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда тұрғындарға интернет алаяқтарынан қорғану жолдары түсіндірілді

Атырау қаласындағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алаңында өткен акустикалық кеш аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық кездесу өткізіп, интернет-алаяқтығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Дәурен Мұханбетәлиев азаматтарға интернет алаяқтарының кеңінен қолданатын тәсілдері туралы айтып, сақтық шараларын түсіндірді.

Тәртіп сақшысы тұрғындарға күмәнді сілтемелерге өтпеуге, банк картасының деректері мен SMS арқылы келетін бір реттік растау кодтарын ешкімге жарияламауға, сондай-ақ белгісіз нөмірлерден келетін қоңыраулар мен хабарламаларға аса мұқият қарауға кеңес берді. Сонымен қатар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, интернет алаяқтығынан сақтану жолдары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.

– Интернет алаяқтары азаматтарды көбіне асықтыру, қорқыту немесе жалған тиімді ұсыныстар жасау арқылы алдайды. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға сын көзбен қарап, ақша аудармас бұрын немесе жеке мәліметтеріңізді ұсынар алдында ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Жыл басынан бері облыста интернет алаяқтығына қатысты 450-ден астам дерек тіркелді. Әрбір азаматтың қырағылығы мен сақтығы мұндай қылмыстардың құрбаны болмаудың басты кепілі, – деді Дәурен Мұханбетәлиев.

Полиция департаменті азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жеке және қаржылық деректерін бөгде адамдарға жария етпеуге шақырады. Қарапайым сақтық шараларын сақтау интернет алаяқтарының құрбаны болу қаупін едәуір төмендетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру