Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да электр самокаттарын пайдалануға қатысты жаңа талаптар түсіндірілді

ШҚО-да электр самокаттарын пайдалануға қатысты жаңа талаптар түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарының қатысуымен жол қозғалысын реттеуге бағытталған маңызды заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшылығының қатысуымен брифинг өтіп, бизнес өкілдері мен электр самокаттарын пайдаланушыларға қойылатын жаңа талаптар жан-жақты түсіндірілді.

Кездесу барысында электр самокаттарын жалға беру қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың міндеттері кеңінен талқыланды. Енді кикшеринг операторлары көлік құралдарын міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізуге, иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға және цифрлық жүйелер арқылы пайдаланушыларды сенімді сәйкестендіруді қамтамасыз етуге міндетті.

– 1 шілдеден бастап жеке мобильділік құралдарын пайдалану тәртібі түбегейлі өзгерді. Электр самокаты толыққанды көлік құралы ретінде қарастырылады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – жаңа заңнамалық нормалардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қорғау, – деді ШҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишин.

Полицияның мәліметінше, электр самокатын басқарған азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес толық көлемде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар жаңа талаптарға сәйкес бірқатар шектеулер енгізілді. Атап айтқанда 25 тамыздан бастап электр самокаттарымен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге толықтай тыйым салынады.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті өңірде жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылау және түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру